Сапаға инвестиция салу арқылы болашақты қалыптастырамыз!

pdf Қаз Рус Eng

Реттеуші ортаға шолу

«Қазақтелеком» АҚ Жарғысының 7-бабының 1-тармағына сәйкес Компания жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісін және телекоммуникациялардың жеке жүйелерін құру, монтаждау, пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету үшін Қазақстан Республикасының байланыс операторы ретінде қызметін жүзеге асырады, жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі операторының және басқалармен қатар Халықаралық Электр байланысы одағының Регламентіне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес басқа мемлекеттердің Байланыс әкімшіліктерімен, компаниялар, пайдаланушылар, халықаралық ұйымдармен есеп жүргізу құқығымен қалаларалық және халықаралық операторының қызметін орындайды.

«Қазақтелеком» АҚ-ның қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының негізгі заңнамалық актілері ҚР-ның Кәсіпкерлік Кодексі, ҚР-ның «Байланыс туралы», «Табиғи монополиялар туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы» заңдары болып табылады.

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі (бұдан әрі — ҚР КК) Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара әрекеттесуіне, оның ішінде мемлекеттік реттеуге және кәсіпкерлікті қолдауға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

2024 жылы ішінде ҚР КК-не түрлі сипаттағы өзгерістер енгізілді:

Атап айтқанда, 2024 жылғы 6 сәуірдегі №71-VIII, 2024 жылғы 21 мамырдағы №86-VIII және 2024 жылғы 8 шілдедегі №121-VIII Қазақстан Республикасы заңдарына сәйкес ҚР Кәсіпкерлік кодексіне келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

  • 165-баптың 1-тармағының 1) және 9) тармақшалары «ұлттық компаниялар үшін осы нарық субъектісінің дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлесі, пайлары) жалпы санының кемінде қырық пайызына иелік ету құқығына жол беріледі» деген сөздермен толықтырылды.Осыған байланысты, ҚР КК 165-бабының 1-тармағының 1) және 9) тармақшаларына сәйкес, келесі белгілердің біріне немесе бірнешеуіне сәйкес келетін жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жиынтығы тұлғалар тобы ретінде танылады:
  • Нарық субъектісі мен жеке немесе заңды тұлға, егер бұл тұлға нарық субъектісіндегі өзінің қатысуына немесе басқа тұлғалардан, соның ішінде жазбаша келісім негізінде алынған өкілеттіктерге байланысты дауыс беретін акциялардың (жарғылық капиталдағы үлестердің, пайлардың) елу пайызынан астамына иелік ету құқығына ие болса;
  • Нарық субъектісі, сондай-ақ жеке және (немесе) заңды тұлғалар, егер олар осы тармақтың 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көзделген қандай да бір белгілерге сәйкес тұлғалар тобына кіретін болса және олардың бірлескен қатысуы немесе басқа тұлғалардан алынған өкілеттіктер негізінде дауыс беретін акциялардың (үлестердің, пайлардың) елу пайызынан астамына иелік ету құқығы болса. Ұлттық компаниялар үшін бұл шек кемінде қырық пайыз болуы мүмкін;
  • «конгломерат» және «шектес тауар нарығы» ұғымдары енгізілді. Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 172-1-бабының 1-тармағына сәйкес, конгломерат — бұл тиісті және шектес тауар нарықтарында үстем немесе монополиялық жағдайды иеленетін нарық субъектісі (тұлғалар тобы) болып табылады. Бұл орайда банктік холдингтер, банктер және олардың еншілес ұйымдары, сондай-ақ электр энергиясының бірыңғай сатып алушысы және теңгерімдеуші нарықтың есеп айырысу орталығы конгломерат ұғымына кірмейді; Шектес тауар нарығы — бұл тиісті тауар нарығында айналымға түсетін өзге тауарды пайдаланусыз тауарды іске асыру мүмкін болмайтын нарық. Сонымен қатар, 96-6-баптың 12) тармақшасына және 172-1-баптың 2-тармағына сәйкес, конгломераттардың мемлекеттік тізілімін жүргізу, олардың қызметіне талдау және мониторинг жүргізу өкілеттілігі бәсекелестікті қорғау жөніндегі уәкілетті органға жүктеледі.
  • 191-1-бап жаңа редакцияда ұсынылды. Оған сәйкес, тауар жеткізушіні (сатушыны) еркін ауыстыруды қамтамасыз ету үшін қажетті ақпаратты жария қолжетімділікте орналастырмау бұдан былай тауар жеткізушіні (сатушыны) ауыстыруға кедергі жасау болып саналмайды;
  • 199, 216 және 221-баптар толықтырылды. Олар енді мына норманы қамтиды: Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен бәсекелестікті қорғау жөніндегі уәкілетті органның тергеу жүргізу туралы хабарламасын / бұйрығын / лауазымды тұлғаларының әрекеттерін шағымдану, осы хабарламада немесе бұйрықта белгіленген мерзімдердің өтуін немесе оларды орындауды тоқтатпайды;
  • 201-баптың 1-тармағының 3) және 4) тармақшалары жаңа редакцияда жазылды. Жаңа редакцияға сәйкес, экономикалық шоғырлану ретінде мыналар танылады:
  • нарық субъектісі (тұлғалар тобы) тарапынан негізгі өндірістік құралдарды (өндірістік мақсаты жоқ жер учаскелері мен ғимараттар (құрылыстар, имараттар), олардың кешендері, үй-жайлар, аяқталмаған құрылыс объектілері бұған кірмейді) және (немесе) басқа нарық субъектісінің материалдық емес активтерін меншігіне, иелігіне және пайдалануына алу (оның ішінде жарғылық капиталды төлеуге (беруге) есепке алу арқылы), егер мұндай мәміле (өзара байланысты мәмілелер) нысанасы болып табылатын мүліктің баланстық құны мүлікті иеліктен шығарушы немесе беруші нарық субъектісінің негізгі өндірістік құралдары мен материалдық емес активтерінің баланстық құнының жиырма пайызынан асатын болса.Бұл талап келесі жағдайларға қолданылмайды:нарық субъектісі (тұлғалар тобы) мұндай негізгі өндірістік құралдарды және (немесе) материалдық емес активтерді құрылтайшылардың бастапқы жарғылық капиталға салымдары есебінен меншігіне, иелігіне немесе пайдалануына алған кезде; нарық субъектілерін қайта ұйымдастыру барысында жаңадан құрылған нарық субъектісі мұндай мүлікті беру актісі немесе бөлу балансының негізінде алған жағдайда;
  • Нарық субъектісі тарапынан (оның ішінде сенімгерлік басқару шарты, бірлескен қызмет шарты, тапсырма шарты негізінде) басқа нарық субъектісінің кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру кезінде міндетті түрде орындалуға жататын нұсқаулар беруге мүмкіндік беретін құқықтарды иеленуі экономикалық шоғырлануға жатады. Бұл талап мынадай жағдайларға қолданылады:
  • шешімдерді дара қабылдауға, қабылданатын шешімдерге шешуші ықпал етуге, негізінен қабылданатын шешімдерді бақылауға (оның ішінде басым, негізгі шарттарды, бағыттарды, кәсіпкерлік қызмет түрлерін, даму стратегиясын және ағымдағы операциялық қызметке қатысы жоқ өзге де мәселелерді айқындау құқығын қоса алғанда) мүмкіндік беретін құқықтарды иеленуге қатысты жағдайлар, егер мұндай құқықтарға өзге тұлғалар ие болмаса;
  • басқару және (немесе) қадағалау органдарының шешімдер қабылдауына кедергі келтіруге мүмкіндік беретін құқықтарды иеленуге (оның ішінде жарғы құжаттарында тікелей көзделген вето немесе бұғаттау құқығына), сондай-ақ басқару және (немесе) қадағалау органдарына кандидаттарды жеке өзі тағайындау (ұсыну) құқығына қатысты жағдайлар, егер мұндай құқықтарға басқа тұлғалар ие болмаса;
  • Экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы өтініш бойынша ұсынылған материалдардың толықтығын тексеру және өтінішті қарау мерзімдері өзгертілді: 10 күнтізбелік күннен 5 жұмыс күніне және 30 күнтізбелік күннен 15 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Сонымен қатар, барлық үзілістерді ескере отырып, экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы өтінішті қараудың ең ұзақ мерзімі 12 айдан аспауы тиіс (205-бап).
  • Байланыс құралдарын орналастыруға арналған орындарды және талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу үшін әуе электр беру желілерінің тіректерін жалға беру (мүліктік жалдау) бойынша шекті тарифтерді мемлекеттік реттеу бөлігінде толықтырулар енгізілді (116-баптың 3-тармағының 15) тармақшасы, 123-1-бап).

«Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының Заңы

Қазақстан Республикасының «Байланыс туралы» (бұдан әрі — Байланыс туралы заң) Қазақстан Республикасының аумағында байланыс саласындағы қызметтің құқықтық негіздерін белгілейді, мемлекеттік органдардың аталған қызметті реттеу жөніндегі өкілеттіктерін, байланыс қызметтерін көрсететін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды.

2024 жылғы 6 сәуірдегі №71-VIII, 2024 жылғы 21 мамырдағы №86-VIII, 2024 жылғы 19 маусымдағы №94-VIII, 2024 жылғы 5 шілдедегі №115-VIII, 2024 жылғы 8 шілдедегі №116-VIII заңдарымен Байланыс туралы заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, оның ішінде:

  • «байланыс желісін басқару орталығы», «бірлесіп пайдаланылатын тіректер», «мобильді байланыс станциясы», «радиожиілік спектрін қайта бөлу (пайдалануын қайта ұйымдастыру)», «ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған тіректер», «хабарламаларды тарату технологиясы» ұғымдары енгізілді (2-баптың 13-1), 22-1), 40-4), 48-1), 67-6) және 70-1) тармақшалары);
  • уәкілетті органның құзыретіне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілді (8-баптың 1-тармағы);
  • байланыс саласындағы мемлекеттік монополияға радиожиілік спектрін қайта бөлу (пайдалануын қайта ұйымдастыру) жөніндегі іс-шараларды техникалық сүйемелдеу, сондай-ақ ұялы байланыс желілерінің жиілік-аумақтық жоспарларын келісу жатқызылды (9-1-баптың 7), 8) тармақшалары);
  • Байланыс операторлары көрсететін байланыс қызметтерінің сапасына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігінің құзыретіне жатқызылды (Байланыс туралы заңның 10-бабының 1-тармағының 3-2) тармақшасы);
  • Радиожиілік органдарының құзыретіне радиожиілік спектрін бөлу және оны тиімді пайдалану, сондай-ақ байланыс спутниктерінің орбиталық позицияларын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу жатқызылды. Бұрын мұндай ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Қазақстан Республикасының радиожиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы, байланыс операторларының бірлестіктері (одақтары) мен байланыс және радиожиілік спектрі қызметтерін пайдаланушылардың қоғамдық бірлестіктерінің қатысуымен әзірлейтін (11-баптың 2-тармағы);
  • Ауылдық елді мекендерді интернет желісіне қолжеткізумен қамтамасыз ету мақсатында Байланыс туралы заңның 12-бабы 4-4-тармақпен толықтырылды, оған сәйкес байланыс операторлары және (немесе) телекоммуникация желілерінің иелері ауылдық елді мекендерде интернет желісіне сымсыз қолжетімділік ұйымдастыру үшін ұялы байланыс операторларына өз телекоммуникациялық инфрақұрылымына қолжетімділікті шарт негізінде ұсынуға міндетті;
  • Байланыс операторларының мүгедектігі бар адамдар үшін жеңілдікті тарифтерді ұсыну жөніндегі қосымша міндеттемелерін белгілеу құқығы уәкілетті органға берілді (12-баптың 6-тармағы);
  • Радиожиілік спектрін пайдалану рұқсатының қолданылуын тоқтатудың келесі қосымша негіздері енгізілді (12-баптың 8-1-тармағының 6)-8) тармақшалары):
  • уәкілетті органның радиожиілік спектрін қайта бөлу жөніндегі шешімі, ол келесі мақсаттарда қабылдануы мүмкін:
  • байланыс саласындағы перспективалық технологияларды іске асыру;
  • радиожиілік спектрін және жиілік жолақтарын перспективалық пайдалану жоспарларына сәйкес тиімді пайдалану;
  • дара кәсіпкердің қызметін тоқтату немесе заңды тұлғаның таратылуы;
  • байланыс операторының азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдарды және (немесе) жоғары жиілікті құрылғыларды пайдалануға беру туралы және олардың электромагниттік үйлесімділігін есептеу туралы Қазақстан Республикасының рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес радиожиілік спектрін пайдалануға рұқсат алған күннен бастап алты ай ішінде хабарлама ұсынбауы;
  • әлеуметтік сипаттағы, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындау қаупі болғанда және (немесе) туындаған кезде, сондай-ақ төтенше жағдай енгізілген кезде байланыс операторларына жедел штабтардың сұранысы бойынша олардың иелігіне мобильді байланыс станцияларын беру міндеттемесі, сондай-ақ ұялы байланыс операторларына өз желілерінде хабарламаларды тарату технологиясының жұмыс істеуін қамтамасыз ету міндеттемесі енгізілді (14-баптың 5 және 6-тармақтары);
  • 2-тарау 15-3-баппен толықтырылды, оған сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында қызметін жүзеге асыратын байланыс операторлары және (немесе) байланыс желілерінің иелері уәкілетті органның, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу арқылы белгіленетін тәртіппен уәкілетті органның сұранысы бойынша әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қаупі мен туындауы кезінде жиынтықталған деректерді ұсынуға міндетті. Бұл жағдайлар табиғи апаттармен (жер сілкіністері, сел, қар көшкіні, су тасқыны және басқалар), экологиялық дағдарыстық жағдайлармен, табиғи өрттермен, эпидемиялармен байланысты болуы мүмкін;
  • 18-баптың 1 және 2-тармақтары мынадай редакцияда жазылды:
  1. «Егер байланыс қызметі радиожиілік спектрі көлемінің жеткіліксіз болуына байланысты радиожилік органдары белгiлi бiр аумақта жұмыс iстейтiн байланыс операторларының ықтимал саны бойынша шектеу қойған диапазондағы радиожиіліктер пайдаланыла отырып көрсетілетін болса, радиожиілік ресурсын пайдалану құқығы жиілік белдеулері, радиожиіліктер (радиожиілік арналары) конкурс (немесе аукцион) негізінде бөліп берілгеннен кейін беріледі. Бұл ретте байланыс операторына радиожиілік спектрін пайдалануға арналған рұқсатта көрсетілетін аумақтарды не елді мекендерді байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер жүктеледі.
  2. Конкурс (немесе аукцион) өткізу туралы шешімді уәкілетті орган осы баптың 1-тармағына сәйкес қабылдайды.

Конкурс (немесе аукцион) осындай шешiм қабылданғаннан кейiн алты айдан кешiктiрiлмейтiн мерзімде өткiзiледi»;

  • Байланыс құралдарын орналастыруға арналған орындарды, сондай-ақ талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізу үшін әуе электр беру желілерінің тіректерін мүліктік жалға (жалға алуға) беру бойынша шекті тарифтерді реттеу уәкілетті органның құзыретіне енгізілді (20-баптың 2-тармағының бірінші бөлігінің 3) тармақшасы);
  • Жалпы пайдаланымдағы телекоммуникация желілерінің байланыс операторлары үшін басқа телекоммуникация желілерін қосу қызметтерін көрсету шарттарын, сондай-ақ желілердің өзара іс-қимылы мен трафикті өткізу жөніндегі міндеттемелерді айқындайтын қосылу шартының үлгілік нысанын уәкілетті органмен бекіту туралы ережелер алынып тасталды (26-баптың 1-тармағы);
  • Цифрлық технологияларды енгізу мақсатында ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік объектілерде байланыс қызметін субсидиялау туралы ереже енгізілді (34-баптың 4-тармағы);
  • 40-бап 1-5-тармақпен толықтырылды, оған сәйкес байланыс операторларына халықтың ұялы байланыс абоненттік құрылғыларына электрондық казиноға, интернет-казиноға, сондай-ақ құмар ойындар мен (немесе) бәс тігуге қатысты жарнаманы қамтитын мәтіндік хабарламаларды тарату қызметтерін көрсетуге тыйым салынады.

«Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңы

«Табиғи монополиялар туралы» ҚР Заңы табиғи монополиялар субъектілері ұсынатын Қазақстан Республикасының қызметтер нарығында туындайтын қатынастарға қолданылады.

2024 жылғы 6 сәуірдегі № 71-VIII, 2024 жылғы 21 мамырдағы № 86-VIII, 2024 жылғы 1 шілдедегі № 107-VIII және 2024 жылғы 8 шілдедегі № 121-VIII Қазақстан Республикасының Заңдарымен «Табиғи монополиялар туралы» Заңына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:

  • «Негізсіз табыс» ұғымы енгізілді (негізсіз табыс — уәкілетті орган ведомствосы бекіткен тарифтен асып кетудің, соның ішінде есептеу аспаптарының көрсеткіштері, көлемі, шамасы және қызметтерді тұтыну нормалары бойынша негізсіз есептеу нәтижесінде алынған қосымша табыс, сондай-ақ тарифтік смета көздеген амортизациялық аударым қаражатын нысаналы пайдаланбау, уәкілетті орган ведомствосы бекіткен мөлшерден бес пайыздан артық тарифтік смета шығын баптарын орындамау немесе инвестициялық бағдарламаларды орындауға арналған тарифтік сметада көзделген қаражатты орындамау немесе нысаналы пайдаланбау нәтижесінде алынған табыс) (4-баптың 11-1) тармақшасы);
  • Сатып алуға қатысушылардың адал емес тізілімін қалыптастыру және жүргізу көзделген (8-баптың 4-1) тармақшасы);
  • Онлайн-трансляцияларды пайдалана отырып, қоғамдық тыңдаулар өткізу мүмкіндігі көзделген (8-баптың 9) тармақшасы);
  • Табиғи монополия субъектілері бекітілген тарифтік сметаның орындалуы, бекітілген инвестициялық бағдарламаның орындалуы, реттелетін қызметтердің сапасы мен сенімділігі көрсеткіштерінің сақталуы және қызмет тиімділігінің көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есептерді, соның ішінде қаржылық есептілікті, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) өз интернет-ресурсында орналастыратыны белгіленген (25-баптың 2-­тармағы);
  • Табиғи монополия субъектілерінің реттелетін қызметтер бойынша бөлек есеп жүргізу әдістемелерін уәкілетті органмен келісу міндеті белгіленген (8-баптың 20-1) тармақшасы, 26-баптың 2-тармағының бірінші бөлігінің 9) тармақшасы);
  • Бақылау субъектісіне (нысанына) бармай профилактикалық бақылау жүргізу тәртібі белгіленген (30-1-баптар).

Сонымен қатар, 2024 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның қызметінде қолданылатын ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне де жалпы сипаттағы түрлі өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Салық кодексіне, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне, «Бағалы қағаздар нарығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңына, сондай-ақ байланыс қызметтерін көрсетуге қатысты және өзге де нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді.

Сондай-ақ, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ҚР Қаржы министрінің 2024 жылғы 8 қазандағы № 677 бұйрығы күшіне енді. Бұл бұйрық «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңының 27-бабының 7-тармағына сәйкес қабылданған және тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін, ережелерін және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алудың көлемін бекітеді. Аталған бұйрыққа сәйкес, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары көрсететін және құны тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің елу мың еселік мөлшерінен аспайтын қызметтер мемлекеттік сатып алуларында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің арасында жүзеге асырылуға тиіс.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының 2 және 4-тармақтарына сәйкес:

  • Қағидалар уәкілетті орган айқындайтын мемлекеттік сатып алудың тәсілімен жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесіне сәйкес жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алуларға қолданылмайды;
  • Мемлекеттік сатып алуларды шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері арасында жүзеге асыру мүмкін болмаған жағдайда, яғни конкурсқа қатысуға өтінімдердің немесе баға ұсыныстарының болмауына байланысты мемлекеттік сатып алулар өткізілмеді деп танылған жағдайда ғана барлық өнім берушілер арасында сатып алу жүргізуге жол беріледі.