Сапаға инвестиция салу арқылы болашақты қалыптастырамыз!

pdf Қаз Рус Eng

АЛҒЫСӨЗ

Сіздердің назарларыңызға «Қазақтелеком» АҚ-ның 2024 жылғы қызметі туралы Біріктірілген жылдық есебі ұсынылады. Құжатта Компанияның қаржылық және операциялық көрсеткіштеріне терең талдау беріліп, негізгі жетістіктері, іске асырылып жатқан бастамалары мен даму басымдықтары қамтылған.

Өткен жыл Компания үшін күрделі әрі нәтижелі болды. Нарықтық жағдайдың өзгеруіне, бәсекелестіктің күшеюіне және клиенттер тарапынан талаптардың артуына қарамастан, «Қазақтелеком» АҚ осы сын-тегеуріндерге сәтті төтеп беріп, өзінің тиімділігін дәлелдеген елеулі нәтижелерге қол жеткізді.

2024 жылы Компания Қазақстан телекоммуникация нарығындағы сөзсіз көшбасшы мәртебесін сақтап қалды. Ол тіркелген телефония, кеңжолақты интернет, мобильді байланыс, ақылы теледидар, деректерді сақтау мен өңдеу, IT-өнімдер және басқа да цифрлық сервистер сегменттерінде кең ауқымды қызметтер көрсетуді жалғастырды.

«Қазақтелеком» АҚ сондай-ақ B2C, B2B, B2G және B2O сегменттеріндегі клиенттерге жоғары технологиялы қызметтер мен озық бизнес-шешімдерді ұсынатын ірі экспорттаушы ретінде өз позициясын сақтап отыр.

Есепті жылы Компанияның дамуына және еліміздің телекоммуникациялық инфрақұрылымын нығайтуға бағытталған бұрын басталған және жаңа стратегиялық жобаларды іске асыруға баса назар аударылды.

Ауқымды «Тазарту» жобасы аясында желілік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып, ADSL технологиясынан GPON-ға 70 мыңнан астам клиент ауыстырылды. Сонымен қатар, 200 мыңнан астам абонентті қамтыған роутерлерді жаңарту бойынша «Sapa+» жобасы іске асырыла бастады.

Аталған екі жоба телекоммуникациялық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін едәуір арттырып, клиенттер тарапынан келіп түсетін өтініштер мен шағымдар санын азайтуға ықпал етті.

>91

91 мың километрден астам талшықты-оптикалық желі

23

сенімді деректерді өңдеу орталығы және кең ауқымды мобильді байланыс желісі

~600

мыңға жуық компания ҚДО жүйесінде тіркелген

Компания бесінші буынның базалық станцияларына дейінгі көлік желісінің құрылысын жүзеге асыру арқылы 5G технологиясын енгізу процесіне қатысуды жалғастырды. «Қазақстан — Әзербайжан» бағыты бойынша Транскаспийлік су асты талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жөніндегі халықаралық жоба белсенді түрде ілгерілеп келеді.

Сонымен қатар, 2024 жыл Компания үшін мерейтойлы кезең болды және ол ең ірі мәмілемен ерекшеленді — еншілес ұйымы «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-дегі 100% үлесті Катардың Power International Holding холдингіне сату келісімі жасалды.

Компанияның басты бәсекелік артықшылықтарының бірі — дамыған әрі ауқымды инфрақұрылымы болып қала береді: 91 мың километрден астам талшықты-оптикалық желі, 23 сенімді деректерді өңдеу орталығы және кең ауқымды мобильді байланыс желісі. Бұл миллиондаған абоненттерге кеңжолақты интернет, мобильді байланыс, ақылы теледидар және бейнебақылау сегменттерінде сапалы қызметтер ұсынуға мүмкіндік береді. Оған қоса Компания мыңдаған мектептерге, медициналық мекемелерге және мемлекеттік ұйымдарға қызмет көрсетеді.

Қазақстандық бизнесті қолдау мен дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Бүгінде 80 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері «Қазақтелеком» АҚ-ның бизнес-шешімдерін пайдаланады, ал ҚДО жүйесінде 600 мыңға жуық компания тіркелген. Компания ISMET.kz ашық платформасы мен telecom.kz ресми порталы арқылы цифрлық қызмет көрсету мүмкіндіктерін белсенді түрде кеңейтіп, клиенттерге заманауи инфокоммуникациялық шешімдерді ұсынып келеді.

2025 жылы Компания өз стратегиясын іске асыруды жалғастыра отырып, сапаның жоғары стандарттарына, инновацияларға және әлеуметтік жауапкершілікке адалдығын сақтайды. Біз сіздермен — акционерлерімізбен, клиенттерімізбен және серіктестерімізбен әріптестік қатынастарды одан әрі нығайтамыз деп сенеміз.